top of page

Ғабиден Мұстафин (29.11.1902-20.01.1985) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1958), «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» (1972), Қазақстанның халық жазушысы (1984). Туған жері қазіргі Қарағанды облысының Бұқаржырау ауданындағы Жауыр тауының етегі.
Әкесі Мұстафа шаруа баққан, дәулеті шағын адам болыпты. Шала сауаттылығына қарамастан екі рет қажыға барған. Алғашқыда бір үйір жылқысын сатып, шиеттей үш баласын тастап (онда Ғабиден бір-екі жаста екен) барса, екінші рет Жолжан деген байдың қаржысымен барған, бедел қажы атанып қайтыпты.

Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, мұсылманша сауат ашқан Ғабиденді заман ағымының аңысын аңғарған әкесі он төрт жасында Спасск зауытының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген кісіден бір жыл орысша оқытады. Осы бір жыл зерек баланың келесі жылы осындағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түсуге мүкіндік береді.  Бірақ төңкеріс  тудырған аласапыран оған онда бір жылдан артық әрі оқуға мұрша бермей, ауылға қайтып келуге мәжбүр етеді.

20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласады. Осыдан тек арада жеті жылдай өткенде тұрмыс құрып, үйлі баранды болған жас жігіт білімін көтеру мақсатымен 1925 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келеді. Бірақ мұнда оқуға түсе алмай, өлкелік сотқа іс қағаздарын тіркеуші болып орналасады. Осында жазушының өз тілімен айтқанда, «газет оқуға ауызданады», қысқа хабарлар жаза бастайды.

Жазушылыққа деген ұмтылысы да осы кезеңдерде басталады. Жаңа танысы Сәбит Мұқановқа еліктеп, әңгіме жазады. Ұзамай «Жыл құсы» журналында «Сәрсен мен Боқаш» атты тырнақалды әңгімесі (1927), араға жыл салып барып «Ер Шойын» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді (1929). Бірте-бірте қаламы ұшталып, жазу машығына жаңа төселе келе әдеби ортамен араласып, сол кездегі дәстүрмен пікір таластарына қатысады.

Әдебиет майданында үлкен қағажу көріп, жазғандары жарияланбай, бәрін тастап еріксіз ауылына кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп ол Қарағандыға келіп, үш жыл қара жұмыс істейді. Сонда жүріп, газет жұмысына араласып, 1933 жылы «Қарағанды пролетариаты», Новосибирь қаласында ашылған «Қызыл ту» газетінде қызмет істейді. Бұл жылдары журналистік  жұмыс  оның қаламын төселтіп, өмір тәжірибесін молайта түскен еді.

Сондықтан да ол 1938 жылы жаңа астана Алматыға, әдеби ортаға қайтып келгеннен кейін өндіртіп жаза бастайды. «Өмір не өлім» атты алғашқы романы (1941), колхоз, совхоз сахналарына арналған шағын пьесалары жарық көрді.
Соғыс  жылдарында «Құлаған құз», «Алынған кек», «Басқа пәле тілден», «Айғақ» (1942), «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Керуен» секілді шағын туындыларды өмірге әкелді. Ғ.Мұстафин өзінің шығармашылық ұзақ жолында өндіріс тақырыбы мен ауыл шаруашылығы тақырыбын қатар қамтып, қазақ әдебиетіндегі сол тақырыпқа бірінші боп шығарма жазған жазушы.

 Оның өндіріс тақырыбына жазылған «Өмір не өлім», «Қарағанды» (1952, Абай атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы 1953) романдары да, ауылшаруашылығы тақырыбына жазылған «Шығанақ» (1945, орыс тілінде 1947), «Миллионер» (1944) романдары да тап осындай шығармалар болатын. Ал «Дауылдан кейін»(1959) мен «Көз көрген» (1963, орыс тілінде 1965) романдары жазушының өзі өмір сүрген дәуірінің  деректі шежіресіне айналды.

Ақырын жүріп, анық басып, әділеттен айнымауды өз өмірінің шырағы етіп ұстанған ұлағатты қаламгердің  әр шығармасы халқын рухани сусындатуға қызмет етті. Соған орай оны халқы да ардақтап, құрмет етті. Ол екі мәрте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953-1957), хатшысы (1962-1966) болды.  Бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің  депутаты болып сайланды. Екі мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Абай және Жамбыл аттарындағы Республикалық әдеби сыйлықтардың иегері.

2002 жылы Қарағанды қаласындағы №83 орта мектеп пен көшеге есімі беріліп, ескерткіш-мүсіні орнатылды. Алматы, Астана қалаларында көше аталады.

2002 жылы 100 жылдық тойы туған жері Бұқаржырау ауданының Токаревка кентінде республика көлемінде тойланып, кентке есімі берілді,  оған  Ә.Кекілбаев, Қ.Мырза Әлі, А.Сейдімбек, Н.Оразалин, Қ.Қайсенов, С.Қирабаев, С.Жүнісов, А.Жақсыбаев т.б жазушылар қатысты.

110 жылдық мерейтойы облыс көлемінде осы кентте өткізіліп, облыстық Ғ.Мұстафин атындағы жас прозаиктер байқауының  жеңімпаздары жарияланды.        

Мустафин Г.

Караганда: роман, авторизованный перевод с казахского. - Алма-Ата: "Жазушы", 1976.- 416 с.

bottom of page