top of page

Қабыл Боранбаев (1.07.1915-5.03.1978) - балалар ақыны. 1915 жылы  Павлодар  облысының  Баянауыл  ауданында  шаруа  отбасында  дүниеге  келіп, он жасынан әкесіне мал бағуға көмектесе жүріп, ауылдағы  бастауыш  мектепті бітіреді.

 Әкесі Боранбай ән айтатын, құмай тазы ерітіп, аңға шығатын сері адам болған. Анасы Ханша 23 жасында Рауанда, Мекетай, Әбілқақым, Қабыл атты 4 ұлымен жесір қалады.1932 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағандыға келіп, біраз жыл шахтада жұмыс істейді. 1936-1937 жылдары  Петропавлдағы педагогикалық  техникумға түседі. Оны бітірген соң, Қарағандыдағы Киров атындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастайды. 1937-1943 жылдары  Алматы қаласының Абай атындағы Қазақ педагогика институтын тәмамдап, 1943-1946 жылдары жалынды  жас  Балқаштағы орта мектепте мұғалім, ел  басына  қатер  төнген соғыс  жылдары  Түркістан педагогикалық техникумында директордың орынбасары, Қу ауданында орта мектеп директоры қызметін атқарады.  

1943 жылы Ворошилов /қазіргі Бұқаржырау/ ауданында оқу бөлімінің инспекторы қызметін атқарып жүрген кезінде ортақ  Отанды  қорғаушылар  сапына  алынып, 2-Украин  майданында  57-армия  14-атқыштар  дивизиясы, 38-гвардиялық  атқыштар полкінде  кіші  лейтенант  шеніндегі  взвод  командирі  болады. Жауынгер Боранбаев от пен оқтың ортасында жүріп, жауға қарумен де, қаламмен де соққы беріп, майдангерлерге қайрат-жігер берер өлеңдерін жазады. Днепр, Днестр өзендерін  өрлей  өтіп, Румыния, Венгрия, Чехославакияны  жаудан  азат  етуге  қатысқан  жауынгер   Боранбаев  1945 жылы  «За  участие  в  Отечественной  войне», «За  боевые  операции», «За  взятие  Будапешта» медалдарымен  марапатталады.

Жауынгер ақын  1946 жылы елге оралып, ұстаздық шығармашылық жолында жетістіктерге жетіп, оқу ісінің үздігі атанады.

1946-1950 жылдары Алматыда  «Пионер» журналы редакторының орынбасары, 1950-1952 жж. Алматыдағы №18 орта мектепте мұғалім, 1952-1955жж. Қарағанды қаласында Радиокомитеттің бас редакторының  орынбасары, 1955-1956 жж. Ворошилов аудандық білім беру бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарады. 1956 жылдан өмірінің соңына дейін Бұқаржырау ауданына қарасты Жаңақала орта мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болады.   

Ұлт мақтаныштары - М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Бегалин, Т. Жароков, Ж.Саин, М.Әлімбаев  сынды  ақын-жазушылармен жақсы таныс  болып, бірге қызмет етеді.

Қазақ  ұлттық  поэзиясының өркендеп дамуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, балалар әдебиеті қорын толықтырып, «Дәурен» (1949) деген  атпен,  одан  кейін «Ант»(1950), «Дос  отряд»(1955), «Балалар  шаттығы», «Жаңарған жазық» (1962),   «Тапқыр бала»,  «Дән  дария»(1977) атты өлең  жинақтары жарық көрді. 1950 жылы  балалар әдебиетін  өркендеткені  үшін  Қазақ  ССР-і  Жоғарғы  Кеңесінің  Құрмет  грамотасына  ие болады.

Ақын балғындарға арнап Некрасов, Маяковский, Исаковский, Симонов, Гафур Гулям т.б. әйгілі ақындардың өлеңдерін, И.Василенконың «Звездочка» повесін қазақ тіліне аударған.

1978 жылы көз жұмған ақын Бұқаржырау ауданының Жаңақала ауылында жерлеген. Есімін есте қалдыру мақсатында кейінірек Жаңақала ауылындағы орта мектепке есімі берілді. Әуесқой сазгерлер Қ.Шыныбек ақынның «Үкілім-ай, балым-ай», Ж.Елжанов  «Іздеймін сол қызды» өлеңдеріне ән жазған. 

2000 жылы 90 жылдық мерейтойы аудан көлемінде тойланып, оған тарихшы ғалым Д.Шаймұқанов, журналист А.Темірбаев, ардагер ұстаздар Б.Бәкішев, О.Шәншілов, О.Жақыпова мен ақынның ұлы Тұрсын, қызы Сайран қатысты.

Боранбаев Қабыл.

Алтын күз: Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1988. – 152 бет, суретті.

 

Қабыл Боранбаевтің көзі тірісінде «Дәурен», «Дос отряд», «Жаңарған жазық», «Дән дария» атты үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Ақынның мына жинағы сол аталған кітаптарынан іріктеліп алынған жырлары мен өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлендерінің басын құрайды.

Боранбаев Қ.

Сарыарқа – алтын бесігім: таңдамалы өлеңдер топтамасы. – Астана: «Аст Принт» баспаханасы, 2015.

bottom of page