top of page

Ахмет Байсалбайұлы (1878-1937 жж.) - халық ақыны. Шахтинск қаласының /бұрын Ахметбек қыстауы аталған/ түбінде туған. Тоғыз қыздың ішіндегі жалғыз ұл. Әкесі Байсалбай Меккеге қажылық сапарында қайтыс болған. Әкесінің тұрмысы жақсы болып, үйіне Сейіткемел атты өзбекті жалдап, балаларын оқытқан. Ахметбек те арабша сауатын осы кісіден ашқан. Өнердің сан түрін үйреніп, жан-жақты болып өскен. Түрлі оюлар салып ағаштан домбыра, ер-тұрман, ыдыс-аяқ түрлерін жасаған. Өз қолымен жасаған қос басты ожауы бүгінде Германияда тұратын немересі Әділгерей Жанайдарұлының қолында.

Жастайынан өлең шығарумен әуестенген. Жаңашылдыққа, әсемдікке жаны құмар Ахметбек қоныс еткен бұрынғы Березняки /бүгінде Қызылқайың ауылы/  жеріне ағаштың әр түрін әкеліп отырғызған, содан бұл шоқ тоғайлы жер Ахметбектің қызыл қайыңы деп аталған.  Белгілі жазушы Ғабиден Мұстафиннің Жайық Бектұровпен әңгімелескен кезде айтқан дерегі: «Мына шоқ біздің Ахметбек ақынның Қызыл қайыңы.

Осы тоғайда көп жыл отырып еді. Кісілікті, білімді әрі ерен ақын еді. Жұртты отырықшылыққа бастап, егін салуды үйретіп еді. Совет құрылысының алғашқы жылдарында мына Байдәулетте /Қарасу Миньковка селосы аймағы/ совет болысы да болып еді. Бұл кісінің аты С.Сейфуллиннің «Тар жолында» да бар. Қазақ даласы ашаршылыққа ұшырағанда Ахметбек Алтай жаққа көшіп кетіп, ел іші тынышталған кезде қайтып келіп еді. Бірақ беделді болған, аузына кісі қараған, тілі өткір осы ақсақалды шала белсенділердің халыққа қиянатын қатты сөгіп, сынағаны үшін 1937 жылы құртып жіберді».

Ростовка ауылында тұрған Жұмаш Көпеев ақсақалдың Майгүл Асқароваға берген дерегінен: «Ахметбек өте сұлу, орта бойлы, қызыл шырайлы, ұзын мұртты адам болған. Өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған. Өз қолымен өр басына  тәп-тәуір үй тұрғызған. 1960 жылдарға дейін үйінің орны болған. Осы  жердегі  талдарды арнайы Михайловкадан әкеліп отырғызған. Осы жерде бұлақ та болған. Қолы өнерлі болатын: қамшы өретін. Қайыңның безінен ойып жасаған насыбай үккіші туысымыз Талғат Үкілбековтың қолында болатын. Үккіштің сыртындағы оюдың өзі  ерекше. Қымыз құятын екі басты ожау да ою-өрнекке тұтасқан. Бұл дүние басында қызы Халиданың үйінде сақталған».

Ахметбекті әкесі ерте 18 жасында үйлендіріп, Бибіажар атты қызға қосады. Осы некеден туған балалары: Сұлтан, Әбіш /18 жасында қайтыс болған/, Әнуар, Нұрбибі, Нүрила. Қояншытағай руынан байдың қызы Гүлшатты алып қашып, екінші әйелі етеді. Одан тараған ұрпақтары: Інайдар / ерте өлген/, Жанайдар, Нұрбибі, Әбілғазы, Төлеутай, Төлеби, Халида. Олардан тараған ұрпақтар бүгінде Қарағанды, Топар, Алматыда тұрады. Ақынның суретін ұлы Жанайдардан Ж.Бектұров алған.

Ахметбек Байсалбайұлы ХХ ғасырдың 30-шы жылдары ұлтымыз басынан кешірген зұлмат пен нәубет қайғы-қасіретін шынайы жырлаған халық ақыны. Ел ішіне ылаң салып, ашаршылыққа душар еткен асыра сілтеушілердің  іс-әрекетін жырлаған «Қанды жорық» дастаны – саясатқа қайшы деп табылып, кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізді деген жаламен айыпталып, 1937 жылы ату жазасына кесіледі.     59 жасында жаламен жазықсыз кеткен ақынның ұрпақтары көп қуғын көреді.  Жазушы Жайық Бектұров  саяси айыптың негізсіз екенін дәлелдеп, орысша пікір жазып, біраз тер төккен.

26.01.1967 жылы Қарағанды облыстық соты ақынды ақтады.

Ақынның есімі мен шығармашылығын танытуға алғаш қадам жасаған Жайық Бектұровтың «Ахметбек ақын», Василий Колыштың «Семья акына» мақалалары. Одан кейін ақынның мұрасын насихаттауда Рәшит Кәреновтың «Аспанның аясында ән шалқытқан Ахметбек ақын» , Майгүл Асқарованың «Жақсыдан сөз қалар», «Алаш деп туған арысым», «Дұғай сәлем жазайын» мақалаларының үлесі зор  болды. Осындай іздестіру жұмыстарының арқасында ақынның «Көріп қайттық халық биін» «Жасымда кер маралдай керілдім» /ұлы Төлебиден алынған/, «Дұғай сәлем жазайын», «Бауырларға хат» /Оңт. Топарда тұратын Түсіптен алынған/өлеңдері табылды. Теміртау қаласының тұрғыны болған, ақынның біраз өлеңдерін жатқа білетін Ғабиден Айжолов ақсақалға көзі тірісінде тілдесуге жол түспегені өкінішті. Ақынның қайтыс болуына 70 жыл толуына орай 2007 жылы Ботақара кентінде «Алаш деп туған арысым» атты еске алу кеші ұйымдастырылып, оған ұрпақтары қатысты. 

2011 жылы Березняки ауылына Қызылқайың тарихи атауы қайтарылып берілді.

bottom of page