top of page

Жыланды тауының  баурайында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында тәуелсіздіктің символы бой көтерді. Осы күні ашылған монументтің биік тұғырындағы алтын самұрық құсы азат елдің асқақ арманы мен биік абыройын айғақтайды. Ондағы оюлар – ұлтымыздың бедері. Монументке көтерілер тұстағы баспалдақтар тәуелсіздікке жету баспалдақтары сынды. Бұл ескерткіш ғасырлар бойы бабаларымыздың аңсаған ел тәуелсіздігінің 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен табыстарының бейнесі іспеттес. Сыртқы шеңбері -30 метр, ені – 5 метр, биіктігі – 6 метр. 

2011 жылы ашылған «Тәуелсіздік» монументі алаңына толықтырулар жасалып, 2013 жылы 16 қаңтар күні «Батырлар аллеясы» скульптуралық композициясы ашылды. Оған жаугершілік заманда ел қорғаған ержүрек жерлес батырларымыз – Олжабай Толыбайұлы /мүсін авторы Айнабек Құрымбаев/, Нияз Барқыұлы /авторы Мұрат Қалқабаев/, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан ғұлама ғалымдарымыз – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев /авторы Жаубасар Қалиев/, Әлкей Хақанұлы Марғұлан /авторы Александр Болюх/, Шапық Шоқыұлы Шөкиннің /авторы Аймантай Бексұлтанов/ мүсіндері орнатылды.

Мүсіндердің биіктігі 1 метр, тұғырымен 2,8 метрді құрайды. Бетон мен мәрмәр тас қиыршығынан құйылған.

«Қазақ елі – мәңгілік жасасын» деген Елбасының сөзі жазылған бағандар орнатылған кешен бүгінде «Тәуелсіздік алаңы» деген атауға ие болды.

Нияз батырдың ескерткішін ашу құрметі батырдың жетінші ұрпағы, ғалым Темірғали Көкентайға, Олжабай батырдікі ұрпағы Мырзакәрім Адашевке, Қаныш атамыздікі Алматыдағы мемориалдық мұражай директоры Бақытжамал Айтмұхамбетоваға, Әлкей ғұламанікі қызы Дәнел Әлкейқызына, Шапық атанікі қызы Марал Шапыққызына берілді.

Одан кейін аудандық мәдениет үйінде «Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды» атты кешенді шарамен жалғалсын тапты. Оның жүргізушісі Майгүл Асқарова. Онда Мақсат Алпысбес, Темірғали Аршабековтың «Бұқаржырау ауданының тарихы» кітабының тұсаукесері жасалып, жоғарыда аты аталған ескерткіш ашу құрметіне ие болған қонақтар, одан басқа тарихшы ғалым Хангелді Әбжанов, аудан тұрғындары Қабдығани Батталов, Ғалымтай Бахтиярұлы сөз сөйлеп, жерлесіміз айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов арнау айтты. Осыдан кейін Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Тілеген Әділов, Дидар Қамиев,  Айтбай Жұмағұлов, Еркебұлан Қайназаров  қатысқан республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысты жүргізген ақын, ғалым Қойлыбай Асанов.

bottom of page