top of page

Доскей Әлімбаев (23.07.1850 – 12.10.1946) - халық ақыны, дарынды композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері /1939/. 

1850 жылы 23 шілдесінде /О.Құдышев мәліметі/ "Сораң" деген жерде дүниеге келген. Бес  жасында  әкесі  Әлімбай  қайтыс  болып,  екі жылдан кейін  шешесі  Үндеместі  Тінәлі  елінің  болысы   Айдапкел  деген  жуан  өз  молдасына алып береді.  Жеті  жасар  Доскей  әкесінің  немере туысы  Барғананың  қолында  қалады.

Әкеден өлі,  шешеден  тірі  айырылған,  жетімдіктің  зардабын  тартқан Доскейдің  қайғысы мен мұңын, арманы  мен қиялын бөліскен серігі -  бойына  біткен  дарыны,  ел ішіндегі өнерпаздарға  әуестенуі  болса   керек.  Қалың  Қуандықтың  ішінде  әншілігімен  аты  шыққан  Жауғаш  серіге серік болып, одан өлең үйренеді. Алғашқы ұстазы болған.

Жас шағынан өнер мәдениетін - әйгілі Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Біржан салдардан үйреніпті. Доскей Орынбай, Шөже, Кемпірбай сынды өнерпаздармен кездеседі, Үкілі Ыбырай және Ақан серімен айтысады. "Көмейің кең, тілің мірдің оғындай өткір екен…" - дейді Біржан, Доскейге домбырасын сыйлап.

Жыр алыбы Жамбылдың замандасы, екі дәуірдің куәсі болған  Доскей әу бастан аңыз - әңгімелерге, ертегі - жырларға, ән-күйге құлағын түріп, зейініне тоқып, халықтың ақ жамбыдай асыл дүниелерін жадына ұстап жүреді. Жасынан жетім қалып, байлардың жалшысы болған ол 15 жасынан өзінің ақындығын танытып, қазақ қоғамының шындығын жырлап, діни, әлеуметтік мәселелерді сөз етеді.  Төңкеріске дейін Доскей патша үкіметі мен бай, билердің айуандық қылықтарын өткір жырларымен өлтіре шенеді. Халық ішінен шыққан ақын Доскей қанша қудаланып, қиындыққа кездессе де, үстем тап өкілдерінің алдына бас имеген. Кеңес заманы орнағаннан кейін Доскей көмірлі Қарағандыда өмір сүрген. Сондықтан шығармаларының негізгі тақырыбы Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегі болды. "Қарағанды", "Екі сайлау", "Жүрегім" деген өлеңдері ақынның таңдаулы шығармалары болып есептеледі.

Доскей кеңес заманындағы айтыстарға түспеген. Ізін басып келе жатқан Болман, Шашубай, Көшен, Маясар, Жәкен ақындарға ұстаздық етіп, Орталық Қазақстандағы ақындық мектеп негізін қалаған.

Жасы жүзге аяқ басқан Доскей Әлімбайұлының ақындық  дауысы майдан жылдарында ерекше екпінмен естіледі.  Отан қорғау жолындағы әрбір жеңісті, әрбір жаңалықты жырлап, «Өлтіре соқ дұшпанды», «Қызыл туды қолға алып», «Майдандағы ұлдарыма», «Бейбіт елміз» өлеңдерімен тылдағы еңбекке дем беріп,  жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан. Алпыс дұшпанның көзін құртқан қазақтың батыры Сұлтан Досмағамбетовтың, Жұмалиевтың асқан ерлігін баяндады.

1943 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Қарағанды қаласында болғанда, оны Доскей Әлімбайұлы өлеңмен құттықтайды.  

Доскей – әңгімеші-шежіреші, халық өнерінің жанашыры болған. Кезінде «Доскейдің әңгімесі» деп жарияланған дүниелері ауызекі әңгімелерінен алынған. Кенесары мен оның батырларының ерлік жорықтары, Арқа серісі Ақан сері туралы, сондай-ақ әңгіме арасында ХІХ ғасырдағы ақын-әншілердің өлең-әндерінен үзінділер айтып отырған. Ақынның айтуында, Ақдәме қыз бен Асан ханның айтысы бар. Ақынның ауыз әдебиетінен қуат алған соң дүниеге келген шығармалары:  “Кенесары”, «Қажымұқан» атты дастан жырлары,  “Бақыт iздеген тазша”, “Жетiм ұл мен жебiр уәзiр” атты ертегiлерi, Үкiлi Ыбырай, Соқыр Ажармен болған айтыстары - ұрпақ ұлағат тұтар дүниелер.

1941 жылы көрнекті фольклор зерттеушісі Есмағамбет Ысмайылов пен ақын Қалижан Бекқожин «Кенесары — Наурызбай. Кенесары және оның батырлары жайындағы жыр-дастандар және аңыз-әңгімелер жинағын» дайындапты (көлемі 30 баспа табақ), өкінішке орай, жарық көрмеген. Тек 1991 жылы 22 қазанда «Жас Алаш», 1991 жылы 29 қазанда «Орталық Қазақстан» газеттерінде, 1993 жылы «Хан Кене» жинағында жарық көрген.

Ақынның «Қос басқан» /1870/, «Жалтарма» /1875/, «Қалқаға»/1880/ атты өлеңдерінің әуені болған.

1939 жылы Д.Әлімбаевқа Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша қазақ халқының ауызша халық творчествосын өркендету ісіне озат еңбек сіңіргені үшін "Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткері" атағы, 1940 жылы "Құрмет белгісі" ордені берілді.

1940 жылы мамырда Доскей Әлімбайұлының жасының тоқсанға, ақындық қызметінің 75 жылға толуына орай республикалық көлемде мерейлі мерекесі аталып өтті. Бұл тойға Н.Байғанин, Н.Бекежанов, Н.Баймұратов, С.Мұқанов, Ш.Қошқарбаев, Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқмағамбетов қатысты. Нүрпейіс, Шашубай, Нартай, Нұрлыбек сынды халық ақындары той иесіне жырмен шашу шашты.

Сезімі өткір, қиялы ұшқыр, ақын Доскей жасы жүзге таяп қалған күннің өзінде ел өміріндегі елеулі оқиғаларды, ұлан - асыр той мерекені қанатты шабытпен жырға қосатын. Мұнда көбіне Орталық Қазақстанның, көмірлі Қарағандының еңбек өрендерін, ақын - жыршыларды, ел қорғаған батыр-ерлерді, ана мен бөбектерді, халықтар достығын жырлады. Ән мен сөздің шебері - Д.Әлімбайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, халық арасына насихаттауда Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы бойынша сол кездегі өкілдері Рахымбай Құлбаев, Айтбай Хангелдин, Әуезхан Көшімов, Қалижан Бекхожин, Аллажар Теміржанов, Жаппар Өмірбеков, Бүркіт Ысқақов еңбек етсе, бертінде ғалым Серік Негимов ақын мұрасы жайлы, өмiр жолы туралы зерттеу мақалалар мен очерктер жазған. Ол республикалық, облыстық газеттерде жарияланған. 1999 жылы ақын Ғазиз Ештанаев Доскей Әлiмбаевтiң әдеби мұралары жайлы кандидаттық диссертация қорғады.

1941 жылы Қ.Бекхожиннiң құрастыруымен “Толғау” жинағы, 1986 жылы С.Негимов, Б.Ысқақовтың құрастыруымен “Кеншi жыры” /туысы Мәпішкен Әупейісова себепші болған: Бейсенбай, Әлімбай бір туған, Бейсенбайдан Әупейіс, одан Мәпішкен, Әлімбайдан Доскей, Доскейден ұрпақ жоқ / жинағы жарық көрдi. Алайда екi жинақта да ақын мұрасы толық қамтылмады.

1946 жылғы 12-қазанда Доскей ақын Қарағандыда қайтыс болды. Ақынды арқа жұртшылығы, оның ішінде қарағандылықтар көзі тірісінде де, қайтыс болған соң да қадір тұтып, оған зор құрмет көрсетті. 40-шы жылдары өнердің Қарағандыдағы қара шаңырағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Доскей есімін иеленген. Қарағандыдағы қазіргі С.Ерубаев атындағы көше 50-ші жылдардың басына дейін Доскей есімімен аталып, сол көшенің басынан арнайы үй салынып, қарт ақын біраз жыл ғұмырын сонда өткізген.

1990 жылы қазан айында 140 жылдық тойы, 2000 жылы 150 жылдық мерейтойы Доскей ауылында атап өтілді. Есімімен Қарағанды қаласында, Ботақара кентінде көшелер, Бұқар жырау ауданындағы елді мекен бұрынғы Зеленая Балка /Победа/ 2001 жылдан Доскей ауылы деп аталады. Зираты сол ауылдың қорымында.

Әлімбаев Доскей.

Кенші жыры: өлендер, ертегі, айтыстар - Алматы: "Жазушы", 1986.

bottom of page