top of page

Көшен Елеуов (1892-31.08.1971) - халық ақыны. Қарқаралы жерінің Бесоба ауылына қарасты Ынталы деген елде мекенде Елеу әке мен Қазине ананың шаңырағында тұңғышы болып дүние есігін ашады. Сауатын ауылдағы мұсылмандық  мектеп–медреседен ашып, он жылдан артық уақыт білім алып, асқан алғырлығымен араб тілін үйреніп, жетік меңгереді.

Көшен  жастайынан халқымыздың бай мәдениетінен сусындап, рухани азық, тәрбие алады. Бала кезінен-ақ ән-жырға жақын болып, домбыра тартып, өлең айтып, қиссалар мен батырлар жырларын жаттап өседі. Төңкеріске дейінгі уақытта ауылдарды аралап, суырып салма ақындармен кездесіп, өнерлерін тамашалайды. Осы жайттар оның ақындық өнерге бет бұруына ықпалын тигізеді.

1916 жылғы патша жарлығымен майданға алынып, Ресейдің батыс шекарасында қара жұмыс істейді. Елден алғаш жырақ кетіп бара жатып,  «Елге сәлем» атты алғашқы өлеңін жазып, сол кездегі халықтың ауыр тұрмысын жырға қосады.

Елге оралған соң, еңбек жолын ауыл ұсталығынан бастап, кейін ел басқарып, болыс дәрежесіне дейін көтеріледі (1928 жылы Қояншы-Тағай руы еліне, Ақтоғайға болыс болған. Осында Нұрсейіт деген байдың Мәкен атты ұзатылғалы отырған қызын алып қашып кеткен. Одан 1929 жылы туған Қинуар атты қызы болған).

30-жылдары - тарихтан белгілі болғанындай, байларды қудалаған, жоқшылықтан жан сақтаған уақытта Көшен Қарағандыға қоныс аударады. Бірақ ол жақта да ұзақ тұрақтай алмайды, «байдың қызын алғансың» деген желеумен ол қудалауға алынады. Амалсыздан отбасын тастап, кіші інісі тұратын Қаракемерге (Кемеровоға) жалғыз кетеді. Кейін әйелі мен баласын тауып алмақ болады, бірақ ұры-қарылардың қолына түсіп, бар киімі мен қаражатынан айрылып, кері қайтуға мәжбүр болады.

Содан кейінірек ортақ ұжым құрылып, колхозға біріктіріліп, байлардың малы кедейлерге таратылып беріліп жатқанын естіп, 1936 жылы Ресейден Буденный атындағы совхозға – Хорошевское селосына (қазіргі Белағаш ауылына) оралады.

Ерекше қабілетті, он саусағынан өнер тамған жан қой ішегін тағып домбыраны өзі жасап, балық аулайтын ау тоқыған, қайысшы әрі ағаш шебері болған екен. 

1938 жылдың 1 қазан - 1 желтоқсан аралығында халық ақындары мен жас ақындардың екі айлық курсын оқып тауысады. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де елді бірлікке, еңбекшілдікке, сабырлыққа шақыруда аянбай тер төгіп, қиын-қыстау күндерде халықты жалынды жырларымен рухтандыра білген тамаша насихатшы болады. 1941-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы адамдарға жігер беріп, халықтың еңсесін көтеруде ақындар айтысының маңызы зор болды десек, осы айтыс өнерінде ерекше көзге түскен ақындардың бірі Көшен болған.

1943 жылдың 5 тамызында Қарағанды облыстық комитетінің бюросы Қарағанды мен Балқаш ақындарының айтысын 14 тамызда Қарағанды қаласындағы қазақ драма театры ғимаратында өткізуді мақұлдап, балқаштық металлургтар атынан Шашубай Қошқарбаев және қарағандылық кеншілер атынан Көшен Елеуов айтысқа түседі. Оған екі ақын да аса үлкен жауапкершілікпен дайындалып, Қарағанды мен Балқашты 15 күн бойы зерттеген. Бұл айтыс облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарына радиодан берілді. Еңбекшілердің намысын қорғаған ақындар бір-бірінен кем түспейді, беріспейді, тоқтау айтып ақындардың арынын басқан қарт айтыскер Доскей Әлімбаев болады.

Осы сөз додасында «Қорғасынды көмір болмаса немен балқытар едің?»деген Көшеннің ұтымды бір-ақ ауыз сөзі айтысқа нүкте қойып, жеңіске жеткізеді.

Ал, 1944 жылы екі шахтаның атынан айтысқан Көшен мен Жолдыкей Нұрмағамбетовтың айтысының қысқартылған нұсқасы «Сибирские огни» журналының 1945 жылы №5 санында Н.Титовтың аудармасымен жарық көреді. Осы жылдардағы қарағандылық ақындардың айтысын қағазға түсіріп, жинақтауда жазушы Ғабит Мүсіреповтың еңбегі екенін айтып өткен орынды.  Осылайша бастау алған айтыстарды ұйымдастыру аудан, ауылдарда да белең алып, ақындар жетістікті де жеткізіп, кемшілікті де көрсетіп, еңбекшілердің еңбекке деген құлшынысын арттыра білді.

Көшен Елеуовтың Қазақ ССР Жазушылар Одағы, кейінірек Қарағанды облыстық көркемөнер істерінің бөлімі, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және Әдебиет институты, Қазақстан Совет Жазушылары Одағының Қарағанды облысаралық бөлімімен және «Қазақ әдебиеті», «Советтік Қарағанды» газеттерімен тығыз байланыста болғаны, Қазақстан Жазушылар Одағының ҮІ съезіне қатысып, делегат болғандығы бүгінге  жеткен хаттар мен құжаттар арқылы белгілі болып отыр.

1952 жыл 24 қарашадан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және Әдебиет институтының корреспонденті  куәлігі беріліп, Қарағанды облысы аймағындағы ауыз әдебиеті мұраларын жинақтауда үлкен еңбек жасады:  халық ішіндегі, ел аузындағы әңгімелерді, аңыз-ертегілерді, қисса-жырларды, мақал-мәтелдерді  қағазға түсіріп, уақытылы жіберіп тұрғанына бүгінде қолда бар құжаттар куә.  Ол жинақтаған Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы өлеңдерінің маңызы зор болғанын Е.Ысмайыловтың жазған хатынан белгілі.

Өткенді, жаңа заманның жаңалықтарын жырлаған көптеген дастандарын тудырған: «Баян», «Қорқыт», «Бозінген», «Екі дос», «Сарыарқалық жігіт», «Қарағанды», «Жылқышы», ал тарихи оқиғаларды қамтыған «Кенесары мен Наурызбай» поэмасының орны бір бөлек. Ақынның осынау еңбектері ескерусіз қалмай, Қызыл Жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысының ордендерімен марапатталған.

Аттары ғана белгілі болып отырған шығармаларының көбі қорда  жоқ. Осылай боларын бұрыннан сезгендей-ақ ақынның өзі 1961 жылы 3-5 тамызда Алматыда Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен халық ақындарының республикалық мәслихатында «Халық ақындарының тілегі» атты баяндамасында: «Мен араб тілінде көп оқыдым. Осында отырған көп ақсақалдардан сауатым артық. Газет-журналдарды да оқып отырамын. Ал менен басқаларының  хат тануы да шамалы. Солардың әрқайсысының ішінде 20-30 тоннадан алтын жатыр. Жиналмаған қазына деп осыны айтады. Халық ақындары қазақ халқының салт-санасымен, ән-күйімен, ырымымен, әдет-ғұрпымен біте қайнасып, қол ұстасып қартайған ақындар. Осылардың көзі тірісі кезінде сол алтындарын алып қалған жөн» деп ақындардың мұраларын жинақтауды қолға алу керектігін баса айта отырып, көзі тірісінде-ақ кейбір ақындардың шығармаларын басқалар иемденіп жатқанын, жоғалып жатқанын айтып дабыл қаққан. Міне, сол дабылдың дыбысы әлі күнге тоқтаған жоқ. Өйткені Көшен ақынның шығармалары әлі күнге дейін жеке жинақ болып жарық көрген жоқ, тек бірді-екілі шығармалары  «Ақындар жыры», «Пернедегі термелер», «Айтыс» кітаптарына енген, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарияланған.

Ақынның мұрасына аса сақтықпен қарап, сақталуына жанашырлық танытқан жандардың бірі – жазушы, шежіреші Жайық Бектұров екенін еске сала кеткен жөн болар: Көшен ақын көз жұмғаннан кейін жұбайы Айтжамалға хат жазып, шығармаларын шашыратпай, жинақтауды тапсырып, үкіметтен берілетін жеңілдіктерді алуға көмектескен.

Өлкетанушы Ю.Попов 80-жылдары Белағаштағы мектеп мұражайында қарт мұғалім Г.М.Крохмаль сақтап келген Көшен ақынның өлеңдері мен арабша жазылған қолжазбаларын алып, Қарағанды облыстық мұрағатына өткізген, «Ақын мұрасын сақтайық» («Орталық Қазақстан» газеті, 23 июнь 1987 жыл), «Кошен из Бельагаша» ( «Сарыарқа» газеті, 25 желтоқсан 1993жыл) мақалаларын жазған.

Мұрағаттағы қолжазбаларды аудандық кітапхана қызметкері, әрі ақынның немере қарындасы Бақыт Ермекова кейін арнайы барып, өз қолымен көшіріп жазып, құжаттар мен хаттардың көшірмесін жасап, кітапханаға тапсырған, сол материалдар бойынша жасалған жинақ папкасы бүгінде сақтаулы. Сондай-ақ ақынның ұрпақтарымен жолығып сұхбаттасып, ақын туралы деректер жинақтап, «Көшен Елеуов  хақында» («Сарыарқа» газеті, 1992 ), «Көшен Елеуовтың шығармашылық келбеті» («Сарыарқа» газеті, 1992 ), «Ілемін келсең-дағы қай жағымнан» («Орталық Қазақстан» газеті, 8 қаңтар 2008) мақалаларын жариялаған ұстаз Қалиасқар Шыныбектегі. Одан кейін М.Асқарованың «Өлең-жыры көшелі Көшен ақын» («Сарыарқа» газеті, 2 маусым 2012), А.Жұмағұловтың «Көшелі  өнер иесі – Көшен ақын» («Орталық Қазақстан» газеті, 16 маусым, 2012) мақалалары жарық көрген.

Ақынның 120 жылдық мерейтойы Белағаш ауылында 2012 жылдың 17 маусымында ұйымдастырылып, ақын Ж.Ерман, Қ.Асанов, Көшен ақынның қыздары Қинуар мен Бота, туыстары, айтыскер ақындар қатысты.

Осы тойға орай кітапхана қызметкері Майгүл Асқарова ақынның әр жылдары жарық көрген шығармалары мен қызы Ботадан алған, бұрын жарияланбаған шығармаларын құрастырып, «Өлеңім қалса болды жер бетінде» атты жинақ шығарды.  Қаржылай демеушілік жасаған аудандық «Сарыарқа» газетінің редакторы, белағаштық Әлия Жұмақаева мен мәдениет қызметкерлері.

1971 жылы 31 тамызда көз жұмған ақын Ынталы ауылында жерленген. Соңында ұрпақтары мен өлмес мұрасы, жақсы атағы бар жерлесіміздің мұрасын жинақтап, есімін насихаттау – бүгінгі ұрпақ – біздердің міндетіміз.

"Өленім қалса болды жер бетінде": Көшен Елеуов шығармаларының жинағы. Жинақтап құрастырған М.Асқарова. - Ботақара, 2012.

"Өленім қалса болды жер бетінде" атты бұл жинақ айтыскер ақын, жерлесіміз Көшен Елеуовтың 120 жыл толуына орай шығарылып отыр. Аталмыш жинақ үш бөлімінен тұрады: бірінші бөлімде - ақынның өлендері, екінші бөлімінде - дастандары, үшінші бөлімінде - айтыстары енгізілген. Жинақ барлық оқырманға арналған.

bottom of page