Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ - қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның арқалы биі, данагөй ақылшысы.
Арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған.
Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты.Бұқар жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып
үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады.
Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі — жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттеледі. Әсіресе, Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.
Бұқар жырау мұсылманша хат білген, сауатты болған. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Суырып салып айтқан толғауларын қағазға түсірген, түсірмегені белгісіз. Бізге жеткен 1200 жолдай мұрасының барлығы да ел аузынан жазып алынған.
Жырау мұрасын алғаш жариялаушы, оны орыс оқырмандарына кеңінен таныстырған Шоқан Уәлиханов. Бұқар жырау мұрасына Г.Потанин де ерекше көңіл бөліп, «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлап» толғауының орысшаға аударылған нұсқасын жариялаған. Ал Г.Потаниннің өз жазбаларында кездесетін енді бір топ өлеңді арнайы тапсырмамен Имантай Сәтбайұлына жаздыртып алып жариялаған.
Алғаш рет ғылыми-зерттеушілік сипатта бағалауға талап жасаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев болды. Оның «Қара мес» аталатын әдеби мұра үлгілерін жинаған қолжазба кітабында «Ақын-жыраулар мұрасы» бөлімінде жырау өмірі мен ататегі туралы дерек тұңғыш рет айтылады.
Бұқар мұрасын жинап-жариялау мен зерттеуді қолға алуға қадам жасап, бастама салған Мұхтар Әуезов еді. 1930 жылдардың басында Бұқардың ақындық мұрасының жариялануы мен зерттелуін қолға алған Сәкен Сейфуллин болды. Сондай-ақ, Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Қ. Халид, Қ. Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді.
Жыраудың толғауларын Пекиннен белгілі тарихшы Мұхтархан Оразбайұлы тауып, 12.07.1990 жылы әдебиетші Ақселеу Сейдімбеков «Ана тілі» газетіне жариялады. 1992 жылы Алматыда ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлының жинақтауымен «Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары», 2008, 2012 жылдары Қарағандыда осы жинақ екінші-үшінші рет жарық көрді. 2013 жылы Қарағанды «Болашақ-Баспасынан» «Бұқар жырау» энциклопедиясы шықты. 2014 жылы ҚарМУ баспасынан «Бірінші тілек тілеңіз» атауымен шығармалары мен тарихи, әдеби зерттеулер енген жинақ шықты.
Бұқар жырау Қалқаманұлы бұрынғы Ульянов ауданы Озерное ауылына жақын /бүгінде баба есімімен аталады/ Далба тауына жерленген.