Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Қаржас Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлауменен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:
-
Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың, - деп.
Абылай хан бір жаққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып, айдың, күннің сәтін сұрайды екен. Сонда Бұқарекең:
-
Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып пәлен жаққа қарай шабынды- дейді екен. Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер Сары бура келіп туыңның түбінде шөгіп, мойнын салып жатып алды - десе, аттанбайды екен.
...Сопы үшін бүкіл тіршілік: сылдырап аққан су, жасыл жапырақ, мызғымас қара тас – бәріне Алланың елесі түскен. Ахмет Яссауидың басына үш сатыланған тас қойылған екен. Тастың беті гүл десте ою. Ахмет Яссауи күмбезінің ішінде Бұқарды тәнті қылған бір нәрсе, ол - ескі кітапхана, әдейі мешітке арнап салынған көрінеді. Ішінде қасиетті кітап - Құранның Орта Азиядағы ең көне көшірмелерінің бірі бар екен. Осыншама байлықтың иесі қаушиған кәрі шайқы кітапты Бұқарға ұстатпас бұрын қисынын келтіріп бірнеше сұрақ берді. Әдейі сынамаққа жасалған сыңай бар:
-
Пақыр мақамы сегіз болар дүр, жас жігіт, - деді кітапханашы.
-
Иә, бірәдәр, - деді Бұқар да, - сегіз болар: әуелі – тәуба, екіншісі – ғибадат, үшіншісі -
махаббат, төртіншісі - сабыр, бесіншісі – шүкірлік, алтыншысы – ырзалық, жетіншісі – таза ғарифлық, сегізіншісі – имандылық. Әуелгісі – Адам ғалайссаламнан қалды, шүкір және махаббат ғазіреті Ибраһимнен қалды, сабырлық – Аюп ғалайссаламнан қалды, сыпайылық, разылық ғазіреті Мұсадан қалды, ғарифтік ғазіреті Мұстафа сали Алла Ғалеихі уассаламнан қалды,- деп тақпақтай жөнелгенде кәрі ғұлама ырза болып батасын берді.
Бір жолы атақты Абылай хан өзінің батыр, билерін жинап алып Россия патшалығының қазақ еліне қарсы басқыншылық әрекетіне тойтарыс беруді ойластырды: Ары айтып, бері айтып келіп ақырында орыспен «соғысамыз» деген шешімге келеді. Бұған ханның беделді бас биі Бұқар жырау қарсы шығады. Осы арада айтыс, тартыс, егес басталады. Бұқар би қазақ сарбаздарының соғыс қаруымен жасақталған орыс әскерінің тегеурінді шабуылына төтеп бере алмайтынын дәлелдейді. Халық набыт болады, жерімізден, елімізден айрылып қаламыз. Тілімді алыңдар, орыспен соғыспайық, оған айла, тәсіл қолданайық,- деп ақыл береді.
Айбынды, айбатты Абылай хан Бұқардың бұл ақылына да көне қоймайды. Ал, Бөгенбай батыр болса, соғысамыз деп отырып алады. Сонда ашу, ыза үстінде жасы тоқсаннан асқан би аға Бұқар жырау Абылай ханға мына бір кесімді билігін айтыпты.
Ал тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай!
Мен сені көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға,
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле бидің,
Түйесін баққан құл едің,
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде,
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа,
Бақ үйіне түнедің.
Алыстан тоят тіледің.
Қылышыңды тасқа біледің,
Алмаған жауың қоймадың,
Алған сайын тоймадың,
Несібеңді жаттан тіледің...
...Абылай-ау, Абылай!
Момынға келіп бек болдың.
Атаңды білмес құл едің,
Атаңның тегін сұрасаң,
Арқар ұранды жат едің.
Қай жеріңде төре едің?
Арсы менен Құзарда,
Жалаң аяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің.
Шешеңді және сұрасаң,
Қайда алтынның буы еді?
Оны да мен білуші ем.
Түрікпеннің төрінде,
Қашып жүріп күнелткен,
Қара күң еді.
Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан.
Он сан алаш баласын,
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы өргізіп,
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен Күрсіге,
Дау-таласты үніңіз.
Өзің болған күніңде,
Бір көшке сыймайды,
Азаткерде құлыңыз.
Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазға салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Орыспенен соғысып,
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба.
Күнінде мендей жырлайтын,
Тоқсан үште қария,
Енді саған табылмас.
«Бірі етек, бірі жең болған» деп басталатын қысқаша терме сөзінің айтылу себебін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуы бойынша былай екен:
...Абылай хан бастаған қалың қол Қоқан шапқыншылығының бетін қайтарып, үлкен жеңіске жетеді. Жерімізді қоқандықтардан азат етіп, бітім болған соң Абылай хан Орта жүз бен Кіші жүз батырлары бастаған әскерін елді-еліне қайтарады. Өзінің хан ордасында Ұлы жүз сарбаздарын ғана сақтап қалады. Осындай өзгерісті сезген қоқандықтар қайтадан бас көтере бастайды. Осы бір жағдайды күні бұрын болжап аңғарған Бұқар би Абылай ханға кейіп былай дейді:
Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған.
Орта жүзден кісің жоқ,
Найзасының ұшы алтын,
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан,
Басқа қылар ісің жоқ...
Бұл толғау алғашқыда ұзақтау болса керек. Ел аузында сақталып бүгінге жеткені осы ғана.
Абылай ханның айбынды қалың қолының Қытай шапқыншыларымен қалай соғысып, Абылайдың қалай жеңіске жеткенін белгілі жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» атты тарихи романында (254-255) былайша баян еткен:
... «Бұқар жырау қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын көріп тұрған. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма қытай жабылғалы келе жатыр... Өмір бойы ішер асқа жарымай өткен, бірақ өз әміршілерінің зорлауымен соғысқа әкелінген қытай әскері шабуылға шыққанда өлген-тірілгеніне қарамайтын. Әлде қорлық өмірден өлгендерін артық көре ме, қарсы жауған оққа кеуделерін тоса, үнемі алға ұмтылатын, осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай жауап қайтарады.
-
Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіңе –өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.
-
Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?
-
Жеңетініңе сенбей майданға шыққан қолбасшы өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар.
-
Ол қандай ем?
-
Ажал.
-
Ажал?
-
Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады,-деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті. - Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.
Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Шалқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнеледі. Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, Алласына «ақсарбас» айтып, жалына бастады... Абылайдың жалғыз шапқанын көрген қазақ жігіттері шегінуді тоқтатып, жауға қарай лап қойды.
- Абылай, Абылай!
- Аруақ! Аруақ!
- Таудан құлаған тастардай, өлген-тірілгендеріне қарамаған садақты, найзагер қалың қол алдарындағы шәрке табанды, қара қалпақ, қара шапанды, жаяу әскерінің алдыңғы шебін күл-талқанын шығарып, кейін қуа бастады.
...Қайтып оралған Абылай Бұқар жырауға:
Қолбасшыға – күдіктенудің серік емес екенін енді ұқтым! –деді.
Бүгінгі жеңіспен рухтанған Абылай ертеңіне де шабуылды өзі басқармақ боп, сауытын киіп, әскер алдына шыға беріп еді, Бұқар жырау:
-
Ажалмен ойнама, сұлтаным. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады. Бүгінгі артық! -деді.
-
Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?
-
Жүз тәуекелдің бір тәубесі бар. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет.
Бұқар бидің енді бір бітімгерлік билігі «Садыр, қайда барасың?» толғауында көрініс тапқан. Халықтың айтуына қарағанда бұл оқиға былай болыпты:
Найманның Матай атасынан шыққан Садыр батыр ертеректе өзінің он мыңдай түтін ағайын, туыстарымен Қаратау баурайына қыстап, жайлап тіршілік етеді екен. Сол Садыр батыр қайтыс болғанда сүйегі Қаратаудың күнгей жағындағы Боралдай өзенінің бойына қойылды. «Садыр Мүрде» деген бейіт-оба әлі де бар. Сол Садыр батырдың ұрпақтары кейінірек бір құрғақшылық жылы Арқа жаққа Арғындар еліне қоныс аударады. Ол көші–қонды Садыр руының Жұмарт деген батыры бастап барады. Арғындар оларға қоныс бермей Ұлытау жаққа ығыстырады. Осы арада ерегіс, қақтығыс боп, екі жақтан да адам шығындалады. Сол соғыста Садырдың Жұмарт батыры Арғынның Ақмырза деген батырын мерт қылады. Осы оқиғадан кейін Садыр ауылы қайтадан оңтүстікке қарай үдере көшеді. Сөйтіп, олар Қаратаудан асып Үлкен тұра, Кіші тұра тауларының төңірегін қыстап, жазда Талас, Боралдай өзендерінің аралығын жайлап жүреді. Шығыстан шүршіттер қара құрымдай қаптап келеді деген хабармен олар Әндіжан, Қоқанға өтіп кетпек болады. Өйткені ертеде Жоңғар шапқыншылығы кезінде Матайдың жартысы сол жақты мекендеп қалып қойған-ды. Жұмарт батыр бастаған Садыр елі соған барып қосылмақ еді.
Осы хабарды естіген Абылай хан оларға Бөгенбай мен Сырымбет батырларын басшы етіп сарбаздарын жұмсап, Садыр көшінің бетін қайтармақ, егерде қайтпаса күшпен көндірмек болады. Ханның бұл бұйрығын Бұқар би қостамайды:
- Сабыр ет, хан ием! – депті Бұқар жырау Абылайға. - Садыр өз құзырыңыздағы ел. Егер ол ел біріншіден, Ақмырзаның құнын даулайтын Арғындардан, екіншіден, шүршіттерден үркіп қашса, не шара?! Олар бізге жау емес қой, өз бас қамдарын жасағалы жүрген ел емес пе? Оған бола қос батырыңды жұмсап, қол аттандырудың не қажеті бар? Ол Садырдың бетін мен-ақ қайтарып келейін. Қасыма он жігіт қосып беріңіз.
Бұқар би осылай дегенде Абылай хан ашуын басып, сабасына түсіпті. Сонымен Бұқар би он жігітті ертіп, Садыр көшінің ізіне түседі. Бұл кезде олар Сарысу бойын жағалап барады екен. Бұқар қуып жетіп, көш бастап бара жатқан батырына жолығып былайша толғапты:
Садыр, қайда барасың,
Сарысуды көбелеп?
Сен қашсаң да мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Қар, жаңбырдай себелеп.
Ақмырзаны өлтірдің,
Ақ сойылмен төбелеп.
Уа,сен танымай кетіп барасың,
Мен Арғын деген арыспын.
Азуы кере қарыспын,
Сен бұзау терісі шөнтіксің.
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа,
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол жақта.
Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Аузыңнан ас кетер,
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі,
Дулығалы бас кетер!
Ел аузында Абылай түс көріпті. Оны Бұқарға жорытыпты деген аңыз бар. Осы түсте Абылайдың бүкіл қазақ даласына хан сайланатыны, оның күрес жолдары, үрім-бұтағы, яғни бар өмірі баян етілген. Сондағы Бұқардың түс жоруы былай екен:
-
Түнде түс көрдім,- дейді Абылай. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім бұтағым. Уәлиден тараған бір үрім бұтағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға! - деді қатты толқу үстінде отырған хан.
Бұқар біраз тұнжырап отырды да, біраздан соң:
-
Түс жору түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін.
-
Сөйлеңіз көмекей әулие,- дейді Абылай.
-
Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, үш бірдей топ таласып жатса тағыңа ие болғанмен, халқыңа ие бола алмайды екенсің.
Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтыламын дегенің – еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің. Ал аяқ жағында тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан тараған бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан шыққан бір ұрпағың атын майданда қалдырады екен,- депті.
-
Сонда мен өзім қайда қаламын, - депті Абылай. Оған жырау:
-
Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың,-деген екен.
Бұқар жырау бір жолы көрші ауылдың тойына шақырылыпты. Ол тойға оның Ақан,Төбет деген ағайындары да барыпты. Бұл кезде жыраудың жасы алпыстан асып, өзі тұрмыс тауқыметінен жүдеңкіреп жүрсе керек. Тойда Бұқар көп өлең, жыр айтып, тыңдаушысын риза етіпті. Сөз арасында Төбет пен Ақанның да байлығын мақтап қояды. Той тарқайды. Жұрт ауылдарына қайтады. Осы кезде Бұқар әлгі екі бай ағайыннан бір жаз мінуге ат майын сұрайды. Ақан мен Төбет: «Жарайды, келер жылы жазда ауылға бір соғарсыз» деп жүріп кетеді. Сол айтқан уәде бойынша келесі жылы Бұқар екі байдың ауылына барады. Бұқардың келетінін біліп ол ағайындары «Бұқар келсе осыны беріп қайтарайық» деп керегенің басына екі кез бөз мата қыстырып қояды. Олардың бұл сараңдығын Бұқар жолшыбай елден есітеді. Бұқар жырау Ақанның үйіне кіріп барса, керегенің басында ілулі тұрған бөзге көзі түседі. Сонда ол былай деп термелепті:
Бұқарекең біз келдік,
Ақан,Төбет байларға.
Бесті берсең семіз бер,
Жаздай Бұқар жайларға.
Бермеймін деп атама,
Асауыңды матама,
Шылбырынан берік тартсам,
Шамырқанып шамданып,
Шалқасынан жата ма?
Алпыстағы Бұқардың
Сілесі құрып қата ма?
Құлдарың мен күндерің
Мерекеге бата ма?
Келіп едім өзіңе,
Түнеугі айтқан сөзіңе,
Тіпті разы болмаймын,
Керегенің басында,
Екі қары бөзіңе,
Бермей қалсаң осы жол,
Жолықпаймын деп ойлама,
Жортуылшы ердің кезіне!
-
Асан қайғы болған жердің көбінде мен де болдым. Түркістан, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Ташкент қалаларын көзіммен көріп, Балқаш, Жетісу өлкесін, Сарыарқаны араладым. Сонда мен не көріп, не білдім? Иә, көргенім де, түйгенім де аз емес. Оның ішінде менің ең алдымен көргенім талай қиыншылықты басынан өткізіп, барлық ауыртпалықты мойнымен көтеріп ұлан байтақ жерге ие болып қалған берекелі елім болды. Жер мен ел егіз.
Біраз демін алыпты да:
-
Ата-ананың қадірін балалы болсаң, білерсің,
Ақ тәніңнін қадірін, жаралы болсаң, білерсің.
Бостандықтың қадірін, жазалы болсаң, білерсің.
Дәулетіңнің қадірін, мал кеткенде, білерсің.
Ажарыңның қадірін, сән кеткенде, білерсің,
Тіршіліктің қадірін, жан кеткенде, білерсің.
Аңдып жүрген дұшпанды дәл жеткенде, білерсің – деп Бұқар жырау халқымен ақтық рет қоштасыпты – дейді ел.
Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келді. Төсекте жатқан Бұқар жырау:
-
Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, - деген екен.
Сонда Қазыбектің берген жауабы:
Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
Бес дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.
Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман.
Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
Сегіз дегеніңіз – бастаған серкесіз қой жаман.
Тоғыз дегеніңіз – толғанғаныңыз.
Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
Абылай хан жоңғарларға қарсы бір жорықта алдын барлау үшін, мың адамды екіге бөліп, бір тобын Қарабұжыр Қанжығалы Жанатайға, екіншісін сол рудан шыққан ақсақал Бөгенбайға бастатып, ілгері жіберіпті. Екеуі де ханның ержүрек, сенімді батырлары екен. Батырлар ұзақ уақыт бойы орала қоймаған соң, Абылай уайымдап, өзінің көріпкел жырауы Бұқардан:
«Менің жігіттеріме не болды екен, оралмауына не себеп?» - деп сұрапты.
Сонда Бұқар айтыпты:«Жанатай Талқы арқылы барады, ал Бөгенбай Құлжан батыр секілді қиыннан жол тауып өтеді. Ал енді Хан-Баба болса, көп ұзамай қайтып келер. Талқының асуы қысыңқы әрі қауіпті» - депті.
Абылай ішінен Жанатайдың зор қауіпке душар болғанын сезді. Жырау сөзін жалғастырып: «Жанатай бұзып-жарып өтіп, ұлысын олжалайды. Жанатай әкелген аққұба қызды Абылай сұлтан алады» - дейді. Абылайдың айтуынша, сол жолғы болжалдың орындалуынан соң, төбесі көкке жеткендей зор қуанышқа бөленсе керек...
Абылай бірде халықты жинап, ұнамсыз ісі үшін ұлы жүздің биі Ерден батырдың ауылын шауып алуға жарлық беріпті. Ханның қаһарға мінгені сондай, бұл жолы оның қасына ешкім де маңайлай алмаса керек. Сондай жиналған халықтың сұрауымен Бұқар жырау ханға келіп бұлайша жыр толғаған екен: «Әй, Абылай, Абылай! Сенің даңқың Арсы мен Күрсіге жетіп, таумен таласты. Босатқан құлдарың бес қақпаға сыймайды. Алатаудан асыңыз, ашуыңызды басыңыз, сонда алашапанды Ерден құлыңыздың мал-мүлкі сексен сандық болып алдыңызға келмей ме?» - деген екен.
Қазақи сыйға сарттың жемісі қосылып, хан дастарқаны көз тойғысыз бай көрінді. Осы жиында айта қаларлықтай ой жарысы болды. Қонақтар ас жеп болғаннан кейін, хан бір сауал қойды:
-
Дүниеде не нәрсе өлмейді, соны ойланып–толғанып тауып беріңдерші маған,- деді, және тауып бергендеріне тоғыз қылып сый ұсынатынын айтты.
Босағада тұрған жас билердің бірі ханның уәде еткенін алып келіп, көрнекті жерге қойды.
Осы мәжілісте аз адам болмаған, соның бәрі қарап отырсын ба, көз байғұс көргенше, тіл байғұс сөйлеп қалады дегендей, бірі отырып:
-
Дүние-дүние болғаннан бері қарай тау-тау болады да тұрады. Қанеки, тау өле ме, өлмейтұғын нәрсе осы таулар болар, - дейді.
Сонда екінші ойшыл орнынан тұрып, көп ойланып, толғанып:
-
Хан ием, өлмегенде не өлмейді? Аққан су өлмейді, дүние-дүние болғалы бері су сарқырап аққан. Суда өлу бар ма? Өлмейтұғын нәрсе осы ағып жатқан су болар, - деді.
Екеуінің сөзінен күмән тапқан тағы бір тақуа орнынан тұрып, таққа қарай бас иіп:
-
Хан ием, өлмегенде не өлмейді? Аспандағы жұлдыз өлмейді, ай менен күн өлмейді! Дүние дүние болғалы ай-ай, күн-күн, жұлдыз-жұлдыз осы үшеуінде бір үзіліс бар ма? Нақ анық өлмейтін нәрсе осы үшеуі, -деді.
Төрде піл сүйегінен жасалған биік тақта отырған Тәуке хан «жарайды таптың» -деп айтпаған соң, сұранып сөйлеген үш ойшыл кібіртіктеп барып орындарына отырды. Қалғандары біреуі үй деп, біреуі бүй деп өздерін–өздері қостап біраз отырды. Сол кезде осыған дейін хан алдында белсеніп сөйлеп көрмеген Бұқар қатты ширығып толғаныс күй кешуде еді. Хан көкейіндегі сұрақтың жауабын тапса да соны тап бастым ба, әлде қалай болады деп, екінші жағынан қалай ұйқастырарын, соның ретін ойлап отырғанда, жаңағы үшеудің сөйлегені жақсы болды:
-
Рұқсат болса, хан ием, мен көрейін, -деп, орнынан ұшатын құстай қомданып, еңсесін көтеріп алып, даусын кенеді де сөйлеп кетті:
-
Алдияр,тақсыр!
Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені-
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені-
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені-
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді-
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді!-
анық өлмейтін нәрсе осы екеуі, хан ием! - деді. Сонда алтын тақта маңғаз отырған Тәуке орнынан шұғыл тұра келіп, үстінде жамылған қамқа тонды Бұқардың иығына ілді, уәзірі ұсынған алтын жиһанды бөркіне шанышты, бұйда белбеуді өз қолымен беліне буындырып, етегін толтырып тоғыз қылып сый берді.
Осындай бір отырыста жұрт қаумалап, қолқалап Қаз дауысты Қазыбекке ұсыныс жасады. «Бұқар бір ауыз сөзбен ханның он жамбасынан орын алды, төрінен шықты, сарай толы адамның бәрінен мәртебесі асып кетті. Енді қазақтың төріне шығардай тағы бір өнер көрсетсін, сонда Бұқарды елдің туы деп атауға лайық, соны бір сынап беріңіз, бір сауал қойыңыз» - десті.
Елдің кеу-кеулеуімен Қаз дауысты Қазыбек Бұқарға үш сауал қойыпты:
-
Біріншіден, манат, қанат, санат дегеніміз не?
Бұқар:
-
Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене.
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене! – дейді.
Қазыбек:
-
Екіншіден, шабан, жаман, сараң деген не нәрсе?
Бұқар:
-
Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене.
Айтқан сөзге түспеген,
Жаман емей немене,
Сұрағанда бермеген
Сараң емей немене! – дейді.
Қазыбек:
-
Үшіншіден, арман, амал деген не, шекер, бекер деген немене екен?
Бұқар:
-
Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Іштегі сыр Аллаға мағлұм,
Сыртыңдағы қулығың,
Амал емей немене.
Сусағанда берген су,
Шекер емей немене,
Хамматсыз ерге біткен мал,
Бекер емей немене?! –дейді.
Ентелеп тыңдап отырған қара құрым халық осы сөздерден кейін Бұқар жырауды төбелеріне хан көтеріп әкеткен.
1710 жылғы Қарақұм мәлихаты Бұқар өміріндегі, жалпы қазақ тіршілігіндегі үлкен бет бұрыс болды. Осы жиында қазақ әскербасы сардар деп Қанжығалы қарт Бөгенбайды сайлайды. Оның қол астына үш жүздің жиналған әскері бұдан былай толық бағынатын болды. Сұлтандардан осы мәслихатта көзге түскені Әбілқайыр еді. Бөлекей – Қоян тұқымынан қазақ сұлтандарының ішіндегі айлалысы осы. Қайыптан кейінгі көрнектісі ол орда сұлтаны деген атақ алды.
Бұқар Қарақұм мәслихатынан көтеріңкі көңілмен қайтты, маңайындағы қолпаштаған азаматтар қоймаған соң:
-
Е,біле білсең, қазағым тарихтан жойылмайтын сабақ алдың, арыстаныңның барында азуыңды айға біледің, - деп мына толғауды жырлап кетті:
Айтар болсаң, Алланы айт,
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молланы айт.
Өз жынысының ішінде.
Дауысы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна,
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па.
Ақ сұңқар құстың баласы,
Ұяда алтау болмас па,
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреуі алғыр болмас па?!
Алғырынның белгісі,
Ұзақтан жемді ілмес пе.
Бірге туған ұялмас,
Бізге сауға демес пе.
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе.
Сөйтіп жүрген кезінде,
Қанаты түптей қайрылса,
Құс жаманы жапалақ
Оған да қор болмас па.
Адамзаттың баласы,
Атадан алтау тумас па.
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па?!
Арыстанның барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да, толғай дәурен сүрмес пе?!
Сөйтіп жүрген кезінде,
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел ішіне жау келсе
Өтініп оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір де, құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар,
Бас-басына тозбас па?
Абылай жетпіске келіп, ауру меңдеп, дүниеден аттанайын деп жатқанында Бұқар жырауды шақыртыпты. Жырау келіп:
- Не арман тілегің бар? - десе керек. Абылай қариямен бақылдасып болып, үш арманын айтқан екен:
- Қан көп төгілді. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін болды. Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым. Елдің басы бірікпеді, тентегі – тебісі көп болды, - депті.
Хан сайланып, ел билігін қолына алғаннан кейін, Абылайға ең зор қауіп – Ресей мемлекеті болады, оны Абылай ғана емес, барлық халық, әсіресе, халық данасы – Бұқар жырау жақсы біледі. Оған Бұқардың мына жыры айғақ. Бір күні Абылай хан Бұқардан:
-
«Арқар» - Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтардың ұраны, Абылай – Шыңғыс ханның ұрпағы. Мақаржа – Ресейдегі Нижний Новгород қаласы. Асан қайғы «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» - депті. Сол не сөз? Қилы-қилы заман не? Қарағай басын шортан қалай шалады?» деп сұрапты.
Сонда Бұқар былай деп жырлайды:
Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап сөйлесем
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай!
Қайғылы мұндай хабарды,
Сұрамасаң нетеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң:
Қарағай - судан қашып,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан суға шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама «шортан ұшпас» деп,
« Қарағайға шықпас» деп:
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Күншығысқа қарайды
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес - діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Осы сынды бір кәпір!
Аузы-басы жүн кәпір.
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды!
Еліңді алар қолыңнан
Әскер қылар ұлыңнан,
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда,
Теңдік тимес құлыңнан
Бұл айтқан сөз, Абылай,
Болмай қалмас артыңнан
Естісең міне, қартыңнан...
Абылай хан соңғы соғыстарының бірінде көп қолмен Қалба тауына келгенде, елдің етекке түскен шағы екен. Торғауыттың Тарбағатайдың солтүстігі – Ласты–Шорға бойында, қалмақ руларының Тарбағатайдың оңтүстігі – Үржар, Еміл бойында отырғанынан хабар алыпты. Қай шеттен тиіп, қай жақтан шабу керек деп игі жақсыларымен кеңес құрғанда, әскер басылардан Қабанбай мен Бөгенбай екеуі екі түрлі пікір айтыпты. Бөгенбай:«Тарбағатайды асып барып, Үржар, Еміл бойындағы қалмақты шабамыз. Ласты-Шорғадағы торғауыт елдің шеті, біз жақ беті болғандықтан, аты дайын, адамы сай, сергек отырған ел. Біздің аттағанымызды біліп, етекке ерте түсіп отырған Торғауытты шабамыз деп әскерді шығындатамыз, жағдайдан ұттырамыз, алыстағы ел бейғам болады. Аңдаусызда барып бассақ қарсыласуға мұршасы келмей қалады, олжалы болып қайтамыз» - дейді. Қабанбай: «Олай емес, жақын жердегі Ласты–Шорғаға барамыз, ондағы елді аламыз. Алысқа аттансақ, ат ариды, азық таусылады, ғаскер шаршайды. Егер торғауыт аттанған ізімізді біліп қалса, ілгергі елге хабар беріп, өздері артымыздан тосады, ортада қалып шығынданамыз» - дейді.
Абылай хан екі батырының қайсысының пікірін жақтауды біле алмай, «мұның төрелігін сен айт» - деп Бұқар жырауға ымдапты. Бұқар жырау Қабанбайдың ұсынысын қуаттап, мына тақпақты айтып жырлапты:
Сен, Абылай, Абылай,
Түркістаннан келген ұл едің.
Онан бері келген соң,
Ұлы жүзде Төленің
Түйесін жайған құл едің.
Дәулет қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алтын тұғырға қонып,
Ақсұңқардай түледің,
Алыстан тоят тіледің.
Сен қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымың кеппес ұры едің,
Түн қатып және жүр едің,
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қашан сен жауға тіредің?! – деп, Қабанбайдың пікірін қуаттапты. Сонымен, Ласты-Шорғадағы торғауытты шауып, бірталай шығын болса да олжалы қайтыпты.
Абылайдың көші аттанғанда Бұқар жетімсіреп жылап қалды. Қоштасарда бір-бірінен кешу өтініп көп отырды...
-
Қош, хан ием, - деді Бұқар, - жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын. Басыңдағы бағың,бауырындағы құтың өзіңмен кетпегей, еліңде қалсын. Есіл Абылай Сарыарқаны кімге тастадың, сенің аруағың қорғамаса бұл жерге кім араша тұра алады? Қайран Сарыарқа қазаққа бұйырмай тұр ма едің? - деп Бұқар үш күн, үш түн жылады.
Қазақтың басынан бақ құсы ұшты ма, құты қашты ма деп қайғырды Ұлы жырау. Төртінші күні Ұлы жырау өзінің жанашыр туыс-жақын, ат жетер жердегі жолдасын түгел жинады. 97-ге келген қария төрдегі сүйектелген ағаш төсекте ұзынынан жатыр. Онсыз да бойшаң жырау бұл қалпында өте ұзын көрінеді. Маңайындағы күтушілерінен далаға алып шығыңдар деп өтініш жасады. Күздің қара суығында далаға шыққаныңыз не дегендеріне болған жоқ шықты. Сұрғылт аспаннан сыр аңдағандай қарт жырау көкке көп үңілді – сәуе көргені ме, Тәңірімен тілдескені ме, әлде жырау рухы жеті қат көкті шарлап соны қайтара алмай тұр ма?! Бір уақыттарда сұлық қалпына жан бітіп жырау ерні бір дұғаны күбірлегендей:
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін қоймас адамзат!
Жырау созалаң қимылмен қарсы беткейдегі қарағанды дөңді нұсқады. Қоғадай жапырылып сол тұсқа көз тіккен жақындарына қарап:
Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап Әзіреті сұлтанға апарып қоймаңдар. Қыс ішінде әуре болып қарбаласқа түспеңдер. Маған осы Сарыарқаның төсінің топырағы бұйырсын. Әйтпесе елдің құты қашады, ырысың кетеді. Басыма қорған тас үйіңдер, әспеттеп бейіт көтермеңдер. Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделі Байсыны – осы жер, - деді.
Құрастырғандар: Майгүл Асқарова, Ботагөз Рахимова, Саян Мұхаметқали, Гүлайым Жұмкенова.
Суреттер авторы: Амантай Ақышев