top of page

Жұмалиев Қажым (28.12.1907, Атырау облысы, Қаратөбе ауылы - 1968) - филология ғалымдарының докторы (1947), профессор (1950), 1946 жылы Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі, 1967 жылы академик. 1925-1932 жылдары Орынбор мектебінде, Шымкент ауыл шаруашылығы техникумда оқыған. абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген (1932). 1932-1937 жылы осы университетте қазақ әдебиеті қафедрасының меңгерушісі, Алматы жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар ұстаз болған. "Ерғожа мен Егізбай" (1929), "Шабуыл" (1933), "Қанды асу" (1934), "Өмір жыры" (1938). "Қырдағы күрес" (1957) атты өлең-поэмалар кітаптары жарық көрген. Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихынан жазыла бастаған романның үзінділері "Айқас" деген атпен басылған (1942). "Біржан-Сара" операсы либреттосының, "Арбасу" (Ә.Сәрсенбаевпен бірге) атты драмалық шығарманың авторы. 

Қазақ зиялы қауымының алғашқы буыны туралы "Жайсаң жандар" (1969) атты естелік жазды. 30-жылдардың соңғы кезінен бастап қазақ фольклорын, әдебиет тарихы мен теориясын зерттеумен шұғылданады. Орта мектеп оқулықтары көлемінде әдебиет тарихын жүйелеумен айналысып, 8-9 сыныптар үшін қазақ әдебиеті оқулықтарын, "Әдебиет теориясы" (1938; 3-басылым, 1969), жоғары оқу орындары филология факультеттеріне арналған "XVIII - XIX ғасыр қазақ әдебиеті" (1967) оқулығын жазды. Махамбет шығармаларын жинап, бастырып (1939, 1958, 1960), ақын шығармашылығына (1948), қазақ фольклоры мен әдебиетінің байланыстарына, Абай поэзиясына арналған монографиялық еңбектер жазды. Көп томды "Қазақ әдебиетінің тарихын" жазуға қатысып, 2-томның редакциясын басқарады.

Пайдаланған әдебиет: 
Бұқар жырау: энциклопедия / ред. Н. Дулатбеков. –Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 600 б.
bottom of page