Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Бұқар жырау ауданы - Қарағанды облысының солтүстігіндегі әкімшілік аудан. Орталығы - Ботақара кенті. 1997 жылы Ульянов (1938 ж. құрылған) және Тельман (1928 жылы құрылған ) аудандары біріктіріліп ұйымдастырылды. Атауы осы аудан жерінде туып-өскен атақты Бұқар жыраудың құрметіне қойылған. (1938 жылдан - Ворошилов, 1961 жылдан Ульянов ауданы аталды). Жерінің жалпы ауданы - 14,4 мың шаршы км. Ауданда 3 кенттік, 25 ауылдық әкімшілік округ бар. Ауданның көпшілік жерін Сарыарқаның ұсақ шоқылы, қырқалы белесті жазығы алып жатыр. Ең биік жері солт.-шығысындағы Семізбұғы тауы (1049 м). Жер қойнауында тас көмір (Жоғ.Соқыр, Құшоқы кендері), қоңыр көмір және құрылыс материалдарының мол шикізат қоры барланған.
Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы біршама ыстық әрі құрғақ. Аудан жері арқылы Нұра, Шерубай-Нұра, Бала шілдерті, Ащысу өзендері, Ертіс-Қарағанды каналы ағып өтеді. Шыбынды, Ботақара, Батпақкөл, Шалқар көлдері, Нұра өзенінде Самарқан бөгені бар.
Аудандық әкімдік пен аудандық маслихат ауданның жергілікті басқару органдары болып табылады. Ульянов, Бұқар жырау аудандарының әкімдері болып келесі адамдар жұмыс істеді: В.С.Шуйский (1992-1995 жж.), З.Т. Балапанов (1995-1996 жж.), М.Т. Райымбеков (1996-1997 жж.), А.Р. Рақымов (1997-1998 жж.), С.Т. Тұнғышбеков (1998-1999 жж.), Т.Е. Зейнешев (1999-2006 жж.), Е.Е. Нашаров (2006-2010 жж.), Ш.Қ. Мамалинов (2010-2013 жж.), Н.С. Қобжанов (2013-2017 жж.), 2017 жылдан аудан әкімі Ш.Қ. Мамалинов.