Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Мағауин Мұхтар (1940, бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы) - жазушы, әдебиетші, ғалым, филологиялық ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984). Қазақстан халық жазушысы (1996). "Түркі дүниесіне қызмет" халықаралық сыйлығының лауреаты (1997).
Әдебиеттанудағы іргелі еңбектері жыраулар мұрасын зерттеу, жариялаудағы маңызды мәселелерімен сабақтас. "Қазтуған жырау" ("Лениншіл жас". 1965. 15. VIII), "Асан Қайғы" ("Білім және еңбек". 1966. №2), "Доспамбет жырау" ("Лениншіл жас". 1965. 4. ІХ), "Көне дәстүр куәсі" ("Қ.Ә". 1966. 1. VII), "Шалкиіз жырау Тіленшіұлы" ("Қ.Ә". 1966. 9, ІХ), "Ақтамберді жырау" ("Қ.Ә". 1967. 15. ХІІ), "Шал ақын" ("Жұлдыз". 1966. №12), "Еленбей келген ақын" ("К.Ә". 1966. 7. І) хандық дәуір әдебиетін зерттеудің тың бағытын да айқындайды.
Қазақтың ұлттық әдебиеті тарихын XV ғасырдан бастауды орнықтыру "Қобыз сарыны" (1986) зерттеуінің жарық көруімен ғылыми шешімін тапты. Іргелі еңбек жыраулар мұрасын ғылыми айналымға енгізіп, қазақ хандығы дәуіріндегі сөз өнерінің қайталанбас табиғатын ұлт тарихынын күретамырымен байланыстыруды отандық шешумі қадам жасады. Дербес қазақ атымен аталатын төл тума әдебиеттің XV ғасырда басталатынын дәлелдеуді мақсат еткен ғалым сол кездегі ғылыми-зерттеушілік ой-пікірде аңыз кейіпкері деп күмәнмен біржақты қарастырылып, төл әдебиет бастауы тұрғысынан мойындала бермеген жыраулар тұлғасындағы қайталанбайтын өнерпаздық ілкі қасиеттері толғау жанры негізінде талдап, осы дәуір сөз өнерін түбегейлі зерттеуге жол ашты. XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген жыраулар шығармашылығының арқауы ұлт өмірінің маңызды мәселелері екенін жыр-толғауларымен дәлелдеп, өнерпаздық болмысының арнасы өз бастауы көне дәуірдегі түркі әдебиетінен алатынын тарихы сабақтастық тұрғысынын айқындады. "Туған әдебиетіміздің түп негізі көне дәуірге - түркі тайпалары әлі жеке-жеке халық боп жіктел, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі. Ал туыстас түрік руларының бір тобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін кұруымен байланысты, XV ғасырдан орта шенінен бастап дербес, қазақ атымен аталатын әдебиет аренаға шығады. Қазақ әдебиетінің алғашқы өкілдері - Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер, Бұқар жырау және соңғы дәуірдегі қаламгерлер творчествосы осылардың ақындық өнерінің логикалық жалғасы болып есептеледі" деген тұжырым жасады.
Жыраулар поэзиясындағы поэтикалық тәсілдің көне замандармен дәстүрлі байланысын зерделеудегі түйіндері де теориялық жағынан тың. Жыраулар көне дәуірде жорық жоршысы болғандықтан поэзия өр рух, романтикаға, жауынгерлік пафосқа құралатыны, ол қаһармандық эпосты жасау және таратуда елеулі маңызды болғаны түйінделді. Ақын және жырау тұлғаларының өнерпаздық болмыстарының ортақ сипаты мен ерекшеліктері, толғау жанрының поэтикалық қуаты, көркемдегіш құралдар теориялық тұрғыдан талданады. Әдебиеттегі көркемдік әдіс табиғатының түрленуі, яғни жыраулық поэзиядан реалистік әдебиетке өтуінің көріністері шал ақын шығармашылығы мыс.-нда дәйектелді. Жырау мұрасын нақты зерттеу нысанына алған ғалымның әдеби-тарихи талдауларының ерекшелігі - көшпенділер дүниетанымына тән поэзиясының болмысын барынша терең ашуынды. Бұған "Қазтуған поэзиясы - табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы", "Асан мұны - халық мұны. Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі еспеттес", "Шалкиіз - новатор еді. Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды", "Ақтамберді жырлары көшпендіқазақтардың ой, арманынан, мақсат, мүддесінен елес береді, сахара тұрғындарының өмір, тұрмыс жайлы түсінігін бейнелейді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасын айқын аңғарылады" деген түйінді пікірлері нақты дәлел.
"Жыраулар поэзиясы", "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет" деген ғылыми мәні, тарихи маңызы зор әдеби ұғымдарды әдебиеттануда орнықтыруға күш салған ғалым сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің тұтас тарихи кескін-келбетін беруде құнды тарихи деректерді батылдықпен ұштастырды. Әсіресе, қазақ халқының XV ғасырдағы тарихын тануда маңызы айрықша Ш.Құдайбердіұлының "Қазақ-қырғыз һәм ханлар шежіресі" үңіліп, сол кезеңнң өзінде бірден бір құнды ғылыми дерек көзі ретінде ұсынуын ерекше атаған жөн. Мұхтар Мағауин аталған зерттеуі қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихын үш ғасырға тареңдеткен іргелі еңбек болуымен әдебиеттануға өз ғылыми жаңалығын ала келді. Ол ақын-жыраулар мұрасының біздің дәуірімізге ауызекі ғана емес, жазба түрінде де келіп жеткенінен мұрағаттардағы сирек әрі нақты ғылыми айналымға ене қоймаған қолжазбаларды пайдалану, табанды ізденіс барысында дәлелденді. Жырауларға қатысты жаңадан табылған деректер ғылыми айналымға енгізіліп, бұл мәселеге қатысты біржақты нигилістік көзқарастағы пікірлерге тойтарыс берілді. Ол жолда тоталитарлық жүйе қысымының түрлі шырғалаңын басынан өткерген ғалым ұлттық мүдде адалдығында ғылыми қайсарлық, қажыр-қайрат танытты. Қазақтың көне поэзиясының антологиясын жарыққа шығара отырып нақты әдеби үлгілер Мыс.нда ұлттық сөз өнерінің тарихын барынша тереңдету міндетінен туындайтын кемел және келелі істер де М,Мағауин тарапынан алғаш қолға алынды.
М.Мағауин құрастыруымен және алғы сөзімен жарық көрген "Алдаспан" (1971) антологиясында XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын, жыраулары шығармалары белгілі бір жүйеге келтіріліп, тұнғыш рет жарияланды. Мұхтар Мағауин Бұқар жырау 1668-1781 жылдары аралығында өмір сүргенін дәйектейді. "Үш ғасыр жырлайды", "Алдаспан", "Ақберен" жинақтары негізінде құрастырылып, төңкеріске дейінге дәуірдегі қазақ поэзиясына қатысты жекелеген жинақ, басылымдар негізінде жаңа есімдермен, жаңа шығармалармен толықтырылып әрі іріктелініп алынған XV ғасырдан ХХ ғасырға бас кезіне дейінгі қазақ сөз зергерлерінің, яғни барлығы алпыс алты ақын-жырау мұрасы қамтылған "Бес ғасыр жырлайды" (1984-1985) үш томдығын шығаруға ерекше еңбек сіңірді. М.Мағауиннің Қазақ Ордасының тарихына арналған "Қазақ тарихының әліппесі" (1995), қоғамдық өмірдің саяси ағысындағы қазақ руханиятының өзекті мәселелерін ұлттық идея, идеология мәселелерімен сабақтастырған "Ұлтсыздану ұраны" толғанысы отаншыл тұлғаның өз ұстанымына деген адалдығын танытады.