top of page

  Сыздық Рабиға Сәтіғалиқызы (1924, Ақтөбе облысы Ойыл ауылы) - тілші ғалым, филологиялық ғылымының докторы (1972), профессор (1989). ҚР ҰҒА академигі (1989). ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері (1996). Абай атындағы қазақ педагогика институтын бітірген. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызметкер. "Қазақ әдеби тілінің тарихы" монографиясына Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық берілді (1995). "Абай шығармаларының тілі" (1968), "Абай өлендерінің синтаксисі" (1970), "Абайдың сөз өрнегі" (1995) еңбектерімен абайтануға еңбек сіңірді. "Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш" (1959), "Сөздер сөйлейді" (1980), "Сөз сазы" (1983), "Сөз құдыреті" (1997), "қазақ тілінің анықтағышы" (2000), "Тілдік норма және оның қалыптасуы" (2001) еңбектерінде қазақ әдеби тіл тарихы, ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы, лигвостилистика, тіл мәдениеті зерттелді.

   Жыраулар мұрасын фольклордан бөлек сөз өнері тұрғысынан екшеп "ауызша әдеби тіл" терминімен негіздеді. "Сөздер сөйлейді" (1980) кітабында батырлар жыры, лиро-эпос, XV-XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулар тіліндегі мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерінің мәнін ашып берді. "Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік нормаларды, оның ішінде әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады. Біл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс, орнымен қолдану, дұрыс қиюластыру, дұрыс дыбыстау, сауатты жазу, тілді әсерлі етіп жұмсау, нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру" деп тұжырымдады. "Язык Жамиғ ат-тауарих Жалаири" (1989), "Ахмет Байтұрсынов" (1990), "Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы" (М.Қойгелдиевпен авторлықта, 1991), "Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің тілі" (2004) кітаптарының авторы.

Пайдаланған әдебиет: 
Бұқар жырау: энциклопедия / ред. Н. Дулатбеков. –Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 600 б.
bottom of page