top of page

Сейфуллин Сакен (Сәдуақас) (1984, қазіргі Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағы - 1938) - ақын, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері. Тырнақ алды өлең, мақалалары "Айқап" ("Манап" драмасы туралы) (1914), "Жайлауда қызмыз ішу" (1915), "Туған жерім-өз елім" (1914), "Қазақ" ("Қу. Ішкі хабарлар") (1915) басылымдарында жарық көрді. Алғашқы өлең жинағы "Өткен күндер" (1914). "Еріктің таңы келерін, Зұлматты жеңіп, хақтың біз, Қуаныстық сезініп, Өтерін құлдық шақтың біз" деп жырлаған Сәкен 1917 жылы Қазақ төңкерісін халыққа келген азаттық деп қабылдады. С.Сейфуллин отаршылдықтың шовинистік саясатынан қазақ ұлтының бұрмаланған тарихи атауын қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарды. "Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік" атты ұлт намысын қайратын, рух дарытатын тарихи мәні зор мақаласында ("Еңбекші қазақ", 1923. 15.02): "Бүгінге шейін қазақты орыстар "киргиз" деп келді. не себепті қазақты орыс "киргиз" деп кеткенін тексермей-ақ, ол "киргиз" деген 

аттың қалайша қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетуліу керек екенін жұртқа айтқым келеді... Біздің әр қазақ жігіті "киргиз" дегенді тастап қоймай - "қазақ, қазақ" деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек.  Қазақстанның орталық үкіметі "киргиз" дегенді қойып, "қазақ" деген есімді қолдануға жарлық шығару керек. Қазақты "қазақ" дейік тарихи қатені түзетейік!" деп жазды. "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" (1923.9.06), "Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу" (1923.25.06) мақалаларында қазақ тілін дамыту мәселелері көтерілді. КирЦИК-тің Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақстанға қосу жайлы мәселе қаралғанда Сәкен ұлттық мүддені басты орынға қойды. Қазақ тарихындағы қасірет "Аш қазақ", "Азия (Европаға)", "НЭП", "Қысқы күнгі дала", "Ауыл байғұс, мінеки", "Отарбаның жұмсақ вагонында" өлендерінде, аяқталмай қалған "Біздің тұрмыс" романында, "Қызыл ат" поэмасы суреттеледі. "Жас қазақ" (1922) өлеңінде "Біраз жүрді, біраз тұрды..." Аш-әруақ жол аузына құлады! Біраз жатты... ышқынып қатты.  Әлін жинап көтерілді, сұлады. Тіреп жерді, бас көтерді, Сорлы аш қазақ қалған күшін жинады. Тәңір ісі, міне аш!  Жазасыздың шыбын жанын қинады...Қалды жылап" Жатыр сұлап... Кімге міндет оның болу панасы? Қалмас текке... Келешекке кім жауапкер, ойлап соны қарашы!? деп аштықтан қырылған ұлтының қасіретіне егілді.

   1929 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының әдебиет кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған Сәкен халық мұрасын жинау, зерттеу, бастыру сынды кемел істер көш басынан табылған әдебиетші. "Халық тарихын, әдебиет тарихын тәптіштеп жазып шығуға әдебиет тарихының деректері керек" деген талап ұстанып, "Қазақ әдебиеті туралы хатында" әдебиет тарихын жасау үшін әдеби мұраны жинауға шақырды. Онда XV ғасырда асан Қайғыдан бастап ХХ ғасырдың басындағы Ғұмар Қарашқа дейінгі әдеби және классикалық мұраны, халық күйлер жинау мәселесі көтерілді. С.Сейфуллин құрастырумен "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" (1930), "Батырлар жырының" бірінші томы (1931), екінші томы (1933) шықты. "Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларында"  Бұқар жыраудың "Қалданменен ұрысып", "Атам болған жиырма бес", "Ай не болар күннен соң", "Керей, қайда барасың?", "Жал, құйрығы қаба деп", "Асқар таудың өлгені", "Құбылып шыққан бәйшешек", "Әй, Абылай, сен он бір жасында" толғаулары басылды. "Қазақ әдебиеті. 1 бөлім. Билер дәуірінің әдебиеті" (1932) атты кітабында халық мұрасы зерттелді. Кітапта Бұқар жыраудың "Жал, құйрығы қаба деп" толғауы жарық көрді.

Пайдаланған әдебиет: 
Бұқар жырау: энциклопедия / ред. Н. Дулатбеков. –Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 600 б.
bottom of page