Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Әмірханов Шопанай (1923-1993) - партия, кеңес қызметкері. Үлгі аулының тумасы. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылы елге оралады. Соғыстан кейін ауылдағы шаруашылықты көтеруге белсене қатысып, 1955 жылыға дейін Мемлекеттік шикізат дайындау министрлігінің аудандық бөлімінде қызмет істеген. Үлгі кеңшары төрағасының орынбасары болған. 1957 жылы жақсы еңбегімен көзге түспі, Жоғарғы партия мектебінде оқуға жіберілді. 1960-1967 жылдары Қ.Бабаев атындағы кеңшардың төрағасы. 1967-1971 жылдары аудандық мал өнімдерін дайындау орталығының директоры. Одан кейінгі 20-жылы ауыл шаруашылық басқармасы жанындағы азық-түлік сапасын тексеретін мемлекеттік бақылаушы қызметінде өтеді.
"Тілі жоқтың - тегі жоқ, тегі жоқтың - елі жоқ" деп білген ел азаматы Ш.Әмірхановтың ерекше еңбектері төмендегідей: Қ.Бабаев атындағы кеңшардың құрылуына үлес қосқан; Бұқар жыраудың есімін бұқараға насихаттау жолындағы ізденістері: бабаның 325 жылдық тойының өтуіне мұрындық болуы, осы тойдың өтуіне орай аудандық банктен арнайы есеп шотын ашқызуы, 1989 жылдан бастап ынталандыру тобын басқаруы, М.Жармұхамедұлы авторлығымен "Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары" кітабын жарыққа шығартуы т.б. ерен жұмыстары әлі күнге халық есінде.
"Егіндібұлақ Қазыбек би, ал Ульяновка Бұқар жырау деп аталса" деген Шопанай ағаның арманы орындалып, бүгінде ауданымыз баба есімімен аталуда.
Ш.Әмірханов осынау еңбектері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталған.