top of page

Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы құдайды айт.

Төрт шарияр Мұстафа

Мұсқап ашқан ғаламды айт.

Тәңірім сөзі бұрқанды айт,

Кәлим Алла құранды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт.

Жамандыққа жақсылық

Көктемеген Еділді айт.

Қара қылды қақ жарған

Наушаруандай әділді айт.

Арсы менен Күрсіні айт,

Лаухы менен Кәләмды айт.

 Құдыретімен жаратқан

Он сегіз мың ғаламды айт.

Ақтан сия танытқан

Дәуіт пенен қаламды айт.

Сөйлеу үшін жаратқан

Сөз анасы - сәлемді айт.

Тірлікте сыйласқан

Ата менен анаңды айт.

Адам үшін жаратқан

Қызықты нәубет балаңды айт

Өлгеннен соң жер жұтқан

Қараң қалған денеңді айт.

bottom of page