top of page
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Хақтың үйі мешіт-ті,
Ақты құдай шешіпті.
Арамзада төкпенің
Уыз үйін кесіпті.
Ибраһим Халил жасады,
Тәңірім үйі Кебені.
Батырлар үшін жаратқан
Берен сауыт, жебені.
Сыйлай бергіл көнені,
Сыйламаған күң қылар
Өзін тапқан енені
Ибраһим Халил жасады
Тәңірім үйі мешітті.
Құдайды білмес бинамаз
Құдайынан кешіпті.
Құдайыңа құл болсаң,
Шын жаратқан ұл болсаң,
Құдай тағалам өзі берер несіпті.
Ұрғашының жақсысы
Әбжыландай есіліп,
Боз жорғадай бұлғаңы.
Қырға шықсам көрер деп,
Пана тұтар жылғаны.
Ұрғашының жаманы
Өсек-дүкен құрғаны,
Құдайының ұрғаны
Өсек пенен ғайбатты
Зина менен ұрлықтан
Бұрынғы өткен жақсылар
Онан да жаман десіпті.
bottom of page