top of page

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңілі қайтады.

Қандыра жауап сөйлесем,

Халқым не деп айтады?

Хан Абылай, Абылай,

Қайғылы мұндай хабарды

Сұрамасаң не етеді?

Сұраған соң айтпасам,

Кісілігім кетеді.

Енді айтайын тыңдасаң,

Маған қаһар қылмасаң.

Қарағай судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан суға шыдамсыз

Балықтан шыққан бір қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.

Күн батыстан бір дұспан,

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты поп.

Күн шығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ.

Жамандықта міні жоқ.

Осы сынды бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір

Жаяулап келер жұртыңа.

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды.

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды.

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан.

Тексізді төрге шығарып,

Басыңа ол күн туғанда,

Теңдік тимес қолыңнан.

Бұл айтқан сөз, Абылай,

Болмай қалмас артыңнан,

Естісең міне қартыңнан!

bottom of page