top of page

Әй, Абылай, сен он бір жасыңда,

Әншейін-ақ ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Арқада Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің...

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің.

Жиырма жасқа келгенде,

Оны да көрген жерім бар,

Жаныс Қарабайдың қолында

Түнде туған ұл едің.

Жиырма беске келгенде,

Бақты берді басыңа,

Тақты берді астыңа.

Отыз жасқа келгенде,

Дүниедей кең едің.

Отыз бес жасқа келгенде,

Қара судың бетінде

Сығылып аққан сен едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтынды тонның жеңі едің.

Қырық  беске   келгенде,

Жақсы-жаман демедің.

Елу жасқа келгенде,

Үш жүздің баласының

Атының басын бір кезеңге теңедің.

Елу бес жасқа келіпсің,

Жақсы болсаң толарсың.

Жаман болсаң, маужырап барып соларсың.

Алпыс бес жасқа келгенде,

Әрбір атқа қонарсың.

Жұмсасаң бала тіл алмас,

Қатының қарсы шауып ұялмас,

Әр нешік күнің сол болар.

Еңкейіп орақ орарға,

Тоңқайып масақ терерге...

Жетпіс жасқа келгенде,

Жетпіс деген жел екен,

Шала ауырып пір екен...

Жетпіс бес жасқа келгенде,

Жылуы болмас қойынның,

Қаруы болмас сойылдың,

Өлмесең де жойылдың,

Әр атаққа қойылдың.

Сексен деген сор екен,

Шындап ұрған пері екен.

Сексен бес жасқа келгенде,

Екі қара көзді алар,

Ауыздағы сөзді алар,

Бойыңдағы әлді алар,

Бетіңдегі нұрды алар,

Бойыңдағы шырды алар,

Аузыңдағы тісті алар,

Бетіңдегі түсті алар,

Қолыңдағы істі алар,

Өлмегенде нең қалар?!

Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен.

Найза бойы жар екен,

Түсіп кетсең түбіне

Түбі жоқ  терең көл екен.

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен!

bottom of page