top of page

Көкшетаудан салдырған,

Қара үңгір жолдары.

Шабан таудан жиылып,

Бес сан болды қолдары.

Өзің қонған Көкшетау

Кәпір қала салды, ойла!

Жарқайың деген жерлерге

Шашылып шеті барды, ойла!

Атбасар мен Қалқұтан

Балығы тәтті су еді,

Өзен бойын шандып ап,

Сүзекісін салды, ойла!

Қарқаралы деген тауларға

Қарқарасын шанышты, ойла!

Бетеге мен көденің

Берекесі қашты, ойла!

Ұлытау, шеті Созақтан,

Берекелі жерлерден

Көкорай шалғын көре алмай,

Шұбырып қазақ кетті, ойла!

Нұрада бар Ақмола,

Есілде бар Қарөткел,

Екі өткелдің аузынан

Қараөткелді салды, ойла!

Баянаула, Қызылтау

Оны да кәпір алды, ойла!

Шүршітпенен құлақтас,

Қырғызбенен жұбаптас,

Ортасында ұйлығып,

Кетпейін десе жері тар,

Кетейін десе алды-артын

Қоршап алған кәпір бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,

Бүйірінен шаншу қадалып,

Сорлы қазақ қалды, ойла!

bottom of page