Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Абылай ханның қасында,
Бұқарекең жырлайды.
Жырлағанда не дейді,
Соғыспа деп жырлайды,
Бұқарекең деген кәріңіз.
Соғыссаң кетер сәніңіз,
Бізден бұрын өтіпті,
Ғазіреті Ғалі шеріңіз.
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз.
Мұсылман болсаң кетіңіз,
Сырдарияның суынан
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап,
Жиделібайсын жетіңіз.
Кісісі жүзге келмей өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған,
Қатын, бала қамы үшін,
Солай таман жетіңіз.
Менің жасым тоқсан үш,
Мұнан да былай сөйлеуім,
Маған да болар ауыр күш.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегіс.
Бұ қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Ағаш үйде кәпір бар,
Көрерсің содан теперіш.
Пұсырманның баласы,
Сірә бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз.
Қалған елді тастаңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Іргеңізді қоспаңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны қатты жемеңіз.
Зәбірі қатты бұл кәпір
Алмай қоймас демеңіз!