Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.
Бұқар жырау
Айтар болсаң Алланы айт,
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молланы айт.
Өз жынысының ішінде
Дауысы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па.
Ақ сұңқар құстың баласы
Ұяда алтау болмас па.
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреу-ақ алғыр болмас па.
Алғырының белгісі
Ұзақтан жемді ілмес пе.
Бірге туған ұялас
Бізге сауға демес пе.
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе.
Сөйтіп жүрген кезінде,
Алғырынан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Құс жаманы жапалақ
Оған да қор болмас па.
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па.
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па.
Арыстанының барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен сүрмес пе.
Сөйтіп жүрген кезінде,
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел ішіне жау келсе,
Өтініп оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір-құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар
Бас- басына тозбас па?!